Жарияланған күні: 22.11.2017 18:44
Өзгертілген күні: 22.11.2017 18:50

    Жемқорлық келеңсіз құбылыс. Ол қоғамның тұрақтылығына нұсқан келтіріп, мемлекеттің дамуына қауіп төндіреді, мемлекеттік органдарға деген сенімді азайтып, экономика мен қоғамдық келісімді бұзады. Жемқорлық халықаралық қоғамдастық пен әртүрлі деңгейдегі экономикалық дамыған елдер үшін басты қауіп болып отыр.

     Сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты талабы – ол жемқорлықпен күресте қоғамның бір ауыздан жұмылуы болып табылады. Көптеген елдерде бұл бағыттағы жетістіктер тек қана саяси мықты еркі бар қоғамның бар күшін ынтымақтасып күресуі нәтижесінде ғана мүмкін болды.

     Жемқорлыққа қарсы күресте Қазақстан ТМД елдері арасында көшбасшы елдердің қатарына кіреді. Кейбір елдерде жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін өмір бойы мемлекеттік органдарда кез келген лауазымды атқаруға тиым салынады. Заңға қарсы әрекет жасаудың соңы қорлық екенін барлық азаматтар білуі тиіс.

   Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 676, 677 баптарымен жеке тұлғалардың мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беруi не қызметтер көрсетуі, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

    Ал мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның жеке өзi немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды, жеңiлдiктерді не көрсетілетін қызметтерді ұсынған тұлғалардың пайдасына әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн осыларды алуы, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның қызметтiк өкiлеттiктерiне кiретiн болса, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлері болмаса алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

    Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күрестің Жалпыұлттық жоспарын жариялағаны белгілі. Мұндай әлеуметтік дертпен күресте көптеген жүйелі жұмыстар қажет. Осыған орай Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде салық төлеушілер тарапынан арандатушылық фактілерін болдырмау бағытында семинарлар өткізіліп, техникалық сабақтар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, азаматтардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарауды бақылау  секілді жемқорлықпен күрес шаралары әрдайым, тұрақты жүргізіліп отырады.

    Біздің қандай мемлекетте өмір сүргіміз келеді: таза елде немесе жемқорлық басқан елде ме? Бұл біздің өзімізге байланысты. Алаяқтардан сақ болыңыз, күнделікті өмірде заң мен ережелерді басшылыққа алыңыз!

БҚО бойынша МКД