Жарияланған күні: 31.01.2022 12:57
Өзгертілген күні: 31.01.2022 13:12

«Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 101-бабы 1-тармағына сәйкес тіркеу алымдарының, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды, радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсаттарды, азаматтық авиация саласындағы сертификаттарды, «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық резиденті болып табылатын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның резиденттігін растайтын құжатты беру үшін алынатын алымдардың, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақының, мемлекеттік баждың төленген сомалары – жүзеге асырылуы үшін осындай төлемдерді төлеу талап етілетін әрекеттерді жасамауы (оның ішінде, салық төлеушінің тиісті құжаттарды бергенге дейін әрекеттер жасаудан бас тартуы нәтижесінде) фактісін тиісті уәкілетті мемлекеттік орган электрондық база арқылы және (немесе) қағаз жеткізгіштерде растаған жағдайда, артық төленген болып танылады.

Салық кодексінің 607-бабы 1-тармағына сәйкес мемлекеттiк баж уәкiлетті мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың заңдық мәнi бар, оның ішінде құжаттарды (олардың көшірмелерін, телнұсқаларын) берумен байланысты әрекеттер жасағаны үшiн алынатын, бюджетке төленетін төлем болып табылады. 

Салық кодексінің 108-бабының 1, 3, 4, 5 және 6 тармақтарында талапты немесе басқа өтінішті (шағымды) қайтаруды немесе оны қабылдаудан бас тартуды қоса алғанда, мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтарудың толық тізімі көрсетілген.

Мұндай негіздер:

1) талап қоюшы сотқа талап арыздар және өзге де өтініштер (шағымдар) берген кезде өз талаптарын азайтатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк баж осы Кодекс бойынша талап етiлгеннен көп мөлшерде енгiзiлген;

2) іс төрелікке берілген;

3) іс бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда тараптардың татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған жағдайда – толық көлемде, кассациялық сатыдағы сотта – сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат берген кезде төленген соманың 50 пайызы мөлшерінде;

4) талап арыз немесе өзге де өтініш (шағым) қайтарылған немесе оны қабылдаудан бас тартылған, сондай-ақ нотариустар немесе осыған уәкiлеттiк берілген адамдар нотариаттық әрекеттердi жасаудан бас тартқан;

5) егер iс сотта қарауға жатпайтын болса, сондай-ақ егер талап қоюшы дауды алдын ала шешудiң осы санаттағы iстер үшiн белгiленген тәртiбiн сақтамаған не талапты әрекетке қабiлетсiз адам қойған болса, іс бойынша iс жүргiзу тоқтатылған немесе талап қою қараусыз қалдырылған;

6) мемлекеттiк бажды төлеген адамдар заңдық мәні бар әрекеттердi жасаудан немесе осы заңдық мәні бар әрекеттердi жасайтын органға жүгiнгенге дейiн құжатты алудан бас тартқан;

7) сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат қайтарылған;

8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де жағдайларда iшiнара немесе толық қайтаруға жатады.

Салық органы мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды салық төлеуші ұсынған салықтық өтініштің және тиісті мемлекеттік органның қайтарудың құқыққа сыйымдылығын растайтын құжатының негізінде жүргізеді.

Сот оның пайдасына іс бойынша тарап болып табылатын мемлекеттік мекемеден мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешім шығарған салық төлеушіге мемлекеттік баж сомасын қайтаруды салық органы салық төлеуші ұсынған салықтық өтініштің және заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жүргізеді.

Мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды оның төленген жері бойынша салық органы қайтаруға арналған салықтық өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік баж сомасы есепке жазылған бюджеттік сыныптаманың тиісті кодынан салық төлеушінің банктік шотына жүргізеді.

Осы бапта көзделген мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруға арналған құжаттар салық органына мемлекеттік баждың мұндай сомасы бюджетке төленген күннен бастап үш жыл мерзім өткенге дейін ұсынылуға тиіс.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде қайтаруға негіз болып табылатын құжаттар берілген уәкілетті мемлекеттік органның растаушы құжатын ұсыну қажет.

 

 

БҚО бойынша МКД

Мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасы