Жарияланған күні: 11.08.2017 18:45
Өзгертілген күні: 11.08.2017 18:53

    

      Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті  «Ұлт жоспары-100 нақты қадам» бағдарламасының «Кірістер мен шығыстардың әмбебап салық декларациясын жүзеге асыру» 42 қадамын іске асыруда дайындалған жеке тұлғалардың активтер мен міндеттемелердің декларациясының (250,00 нысан) жобасын талқылау бойынша Кәсіпкерлер палатасында дөңгелек үстел өткізді.

     Талқылауға Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері қатысты.

БҚО бойынша МКД Мемлекеттік қызметтер басқармасының бөлім басшысы Бычкова Елена Владимировна қатысушыларды жалпыға бірдей декларациялау туралы Заңның негізгі ережелерімен таныстырды .

Қазақстан Республикасында барлық жеке тұлғалар үшін декларациялау жүйесін енгізу 2020 жылдан басталады деп күтілуде.

Декларацияны келесі тұлғалар тапсырады:

  • Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары;
  • Тұрғылықты жері бойынша тіркелген оралмандар;
  • Иелігінде тіркелген мүлкі бар кәмелетке толмаған тұлғалар (олар үшін декларация тапсыру кәмелетке толмаған тұлғалардың заңды өкілдеріне жүктеледі);
  • Қазақстан Республикасының аумағында мүлкі бар немесе салық салынбайтын табыс алатын шетелдіктер.

Декларацияның 3 нысаны қарастырылған:

  1. Активтер мен міндеттемелер декларациясы (алғашқы);
  2. Мүлкі туралы декларация (жыл сайынғы):

а) қосымшасымен;

б) оңайлатылған нысан қосымшасыз (табыс пен мүлік туралы қысқаша декларация).

Активтер мен міндеттемелер декларациясы (декларациялау жүйесіне алғашқы декларация) жеке тұлғалардың активтері, мүліктері мен міндеттемелерін көрсетуге арналған. Бұл декларацияда мынадай ақпараттар бейнеленуі тиіс: иелігіндегі мүлкі, 500 АК аспайтын мөлшерде қолма-қол ақшасы, бактегі депозиті туралы мәлімет, 500 АК асатын мөлшерде басқа тұлғалардың алдындағы қарызы туралы және басқа да ақпараттар.

Декларацияны қағаз жүзінде тапсыру мерзімі 15 шілдеге дейін, электронды түрде 15 қыркүйекке дейін.

Дөңгелек үстел отырысы нәтижесінде ұсынылған ұсыныстар мен ескертулер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жолданатын болады.

БҚО бойынша МКД