Жарияланған күні: 19.08.2022 19:01
Өзгертілген күні: 19.08.2022 19:04

     Қазіргі таңда Грузия және Әзірбайжан Республикасынан автокөлік құралдарын сатып алу мүмкіндігі халық арасында қызығушылық білдіруде. Осы автокөлік құралдарын  сатып алып, еліміздің аумағында еркін жүру үшін заңдастыруға бола ма?

     Осы сұраққа БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті келесідей жауап береді.

     Аталған автомашиналар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағына Ресейдің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелінеді, олар өз мәртебесі бойынша шетелдік тауарлар болып табылады (яғни ЕАЭО тауарлары болып табылмайды) және кедендік бақылауда болады.

     Егер көлік құралының иесі Грузия, Әзірбайжан Республикасының заңды тұлғасы болса - көлік құралының кедендік декларациясы (КҚКД), ал егер көлік құралының иесі осы елдердің резидент жеке тұлғалары болып табылса - жолаушылар кедендік декларациясы (ЖКД) уақытша әкелуді растайтын құжат болып табылады.

     ЕАЭО Кеден кодексінің 264-бабының 6-тармағына және 275-бабының 2-тармағына сәйкес, уақытша әкелінген көлік құралдары ЕАЭО кедендік аумағында декларанттың, яғни көлік құралын әкелген тұлғаның, нақты меншігінде және пайдалануында болуы керек.

     Дегенмен, бүгінгі таңда Грузия және Әзірбайжан Республикасынан уақытша әкелінген көлік құралдары ЕАЭО кедендік аумағында болған кезеңде, заңмен белгіленген шектеуді бұза отырып, сенімхат бойынша (иелену, билік ету немесе иеліктен шығару құқығымен) Қазақстан Республикасының азаматтарына сату орын алғаны белгілі.

     Бұл ретте, Грузия және Әзірбайжан Республикасының тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді және Қазақстан Республикасының резиденттеріне беруді жүзеге асырған тұлғалардың, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал сомасына қарай кедендік төлемдерді төлемей және Қазақстан аумағында пайдалану мақсатында осындай көлік құралдарын сатып алған тұлғалардың әрекеттері қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық сипатқа ие.

     Осыған орай, БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті Қазақстанның барлық азаматтарына Грузия және Әзірбайжан Республикасы мемлекеттік тіркеуінде тұрған әрі уақытша әкелінген көлік құралдарын сатып алған жағдайда, кедендік тазартудан өткізіп, кедендік баждар мен салықтарды төлегеннен кейін ғана Қазақстан аумағында аталған көлік құралдарын пайдалануға болатынын ескертеді.