Жарияланған күні: 31.01.2018 17:11
Өзгертілген күні: 31.01.2018 17:18

     2018 жылдың 30 қаңтары күні Батыс Қазақстан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің 2017 жылғы жұмыс қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты өткізілді.

      Брифингке БҚО бойынша МКД басшысының орынбасарлары Б.Н.Қайдаров, Н.С.Абдулов және Т.Т.Шонаев қатысты.
     Брифингте 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген салық, кеден кодекстерінің негізгі бағыттары мен 2017 жылы Департаментте атқарылған істер туралы баяндалды.

      2017 жылы мемлекеттік бюджетке 249 млрд. теңге түсім түскен (175 млрд. теңге республикалық бюджетке, 74 млрд. теңге жергілікті бюджетке). Департаменттің жұмысының арқасында 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы салық түсімдері республикалық бюджетке 10 млрд. теңгеге, жергілікті бюджетке 3,5 млрд. теңгеге артық түскен.

     Оған қоса, Ұлттық қорға 2017 жылы 178 млрд. теңге салық түсімдері жоспарланса, нақты түсім көлемі 266 млрд. теңгені құрады (107 пайыз), ол 2016 жылмен салыстырғанда 146 млрд. теңгеге артық (2016 жылғы түсім 120 млрд. теңге).

     2017 жылы бюджетке қосымша 12,0 млрд. теңге салық түсімдері анықталып, өндіріліп алынды. Оның ішінде 10,5 млрд. теңге жүргізілген камералдық бақылау мен әкімшіліктендіру нәтижесінде, ал 1,5 млрд. теңге салық тексерістері арқылы анықталып өндірілді.

      Сонымен қатар 760 млн. теңге салық берешектері өндірілді.
2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, салық берешектері 3,6 млрд. теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда 17,3 пайызға азайды.

      Салық берешектері бар салық төлеушілердің саны жыл басымен салыстырғанда 25 мыңға немесе 28,2 пайызға төмендеді.

    Жоғарыда көрсетілген жұмыстармен қатар Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде мемлекеттік қызметтердің 28 түрі көрсетіледі. Оның ішінде 25 қызмет түрі автоматтандырылған, оның 19-ы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында баламалы түрде көрсетіледі (20 салықтық қызмет, 5 кеден саласындағы қызметтер).

      Бұл туралы Қайдаров Бауыржан Наурызғалиұлы тоқталып өтті. Өткен жылда 698 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 627 мыңы немесе 90 пайызы электронды түрде көрсетілді (2016 жылы 84,1 пайыз электронды түрде). 

      Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енген ҚР Салық кодексіндегі жаңалықтар туралы айтып өту керек. Жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаты – салық уақытылы төлейтін тұлғалардың мүддесін қорғауға бағытталған. Яғни, бұдан былай барлық түсініксіз тұстар салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады.
    Салық төлеуші салық органының түсіндірмесіне сай әрекет кеткен уақытта, белгілі бір позициялардың өзгеріп кеткеніне қарамастан айыппұлдар мен өсімпұлдардан босатылады. 

      Шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау мақсатында 2020 жылдан бастап арыз-шағым берудің шекті мерзімі 3 жыл болып белгіленеді. 
2018 жылдан бастап әлеуметтік салық мөлшерлемесі 1,5 пайызға төмендеді (бұрынғысы 11 пайыз, қазіргісі 9,5 пайыз, 2025 жылдан бастап 11 пайыз).
Шаруа қожалықтарының жетекшілері мен мүшелері әлеуметтік салықтан босатылды (бұрын ай сайын АЕК-тің 20 пайызы көлемінде).
Патент мөлшерлемесі 2 пайыздан 1 пайызға дейін төмендеді (қолма-қол есеп айырысу жолымен сауда жасауды есепке алмағанда – 2 пайыз, 2020 жылдан бастап патент мөлшерлемесі барлық тұлғаға ортақ 2 пайыз болады).

      Кеден саласындағы көрсеткіштерді атап өткен Нұрболат Сағидоллаұлы Абдулов кедендік түсімдер бойынша 2017 жылға болжам 19730,6 млн. тенге болса, нақты түсім 19924,4 млн. теңгені құрап, жоспар 101 пайызға орындалғанын баяндады.

     Облыстың сыртқа тауар айналымы 4792,2 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде 93,6 пайызы (4483,5 млн. АҚШ доллары) экспорт, 6,4 пайызы (308,7 млн. АҚШ доллары) импорт.

     2016 жылмен салыстырғанда тауар айналымы экспорт есебінен 28,1 пайызға артты (1 114,4 млн. теңге). Экспорт көлемінің негізгі бөлігін (барлық экспорттың 98,9 пайызын) мұнай өнімдері мен оларды өңдеу тауарлары құрайды.

    Темірлан Төлегенұлы Шонаев мәлімдегеніндей, Экономикалық тергеулер қызметі бойынша 2017 жылы өндірісте 245 қылмыстық іс болды, 230 құқық бұзушылық тіркелді. 193 құқық бұзушылық бойынша өндіріс аяқталды.

     Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын көлемі 1 млрд. теңгеге жуық, оның ішінде тәркілеуді қоса алғанда 517 млн. теңгесі өндірілді.

    Экономикалық тергеулер қызметінің жұмысы мемлекет пен бизнеске экономикалық шығын келтіретін қылмыстық іс әрекеттерге тосқауыл қою мен олардың алдын алуға бағытталған.

      Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Департамент қызметіне қатысты қойған сұрақтарына жауаптар берілді.

 

БҚО бойынша МКД