Date of publication: 16.03.2023 17:50
Date of changing: 16.03.2023 17:53

"Мемлекеттік қызметші" ұғымы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңында мемлекеттік органда мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы ретінде айқындалған.

       Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық пен сөйлеу мәдениетіне, киіміне, адамгершілік қасиеттеріне жоғары талаптар қояды.

      Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілері қызметінің әдеп нормалары Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде бекітілген.

    Әдеп кодексінің мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік келбеті мен іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды арттыру, олардың өздерінің кәсіби қызметін орындауы үшін, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекетке деген сенімін сақтау және нығайту үшін әдеп нормалары мен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеу, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының бірыңғай нормаларын қамтамасыз ету болып табылады.

      Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасының мынадай стандарттарын сақтауға тиіс:

       1) қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға;

      2) мемлекеттің мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге қарсы тұруға;

      3) заңда белгіленген шектеулерді сақтауға, мүдделер қақтығысын болдырмауға;

      4) азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуға, дөрекілік, қадір-қасиетін қорлау, әдепсіздік және дұрыс емес мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге, өз әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сын айтуға себеп бермеуге;

      5) іскерлік этикетті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға, азаматтардың алдында өздері өкілдері болып табылатын мемлекеттік органдардың қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге;

      6) лауазымдық міндеттерін атқаруға байланысты кез келген сипаттағы заңсыз уәделер бермеуге және заңсыз міндеттемелер алмауға;

      7) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілердің және өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін, сондай-ақ қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүддесінде онымен байланысты мүмкіндіктерді, оның ішінде оларға өз көзқарасын насихаттау үшін қызметтік жағдайын пайдаланбауға;

      8) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша, лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдалануға;

      9) қызметтік міндеттерін адал орындауға кедергі келтіретін заңсыз қаржылық және мүліктік мүдделерді көздемеуге міндетті.

      Кәсіби қызметте, сондай-ақ қызметтен тыс уақытта қызметтік этиканың этикалық нормалары мен стандарттарын сақтау мемлекеттік қызметшілердің міндеті болып табылады және лауазымдық нұсқаулықтарда бекітілген.

      Сонымен қатар, заңнамада мемлекеттік қызметшілердің этикаға байланысты қызметіне шектеулер ресми түрде бекітілген. Сөйтіп, мемлекеттік қызметшілердің кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, оның ішінде коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға құқығы жоқ. Олардың материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға, өз функцияларын орындауға байланысты іс-әрекеттерді немесе әрекетсіздіктерді жүзеге асырғаны үшін ақша және қызметтер түрінде сыйақы алуға, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және ереуілдерді қоса алғанда, лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіретін іс-әрекеттерге қатысуға құқығы жоқ.

      Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерде әдепті мінез-құлық қағидаларын сақтауға жауапкершілік пен талапты қалыптастыру, сондай-ақ әдеп талаптарын бұзуға төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында жыл сайын мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру шеңберінде "Мемлекеттік қызметтегі әдеп", "Мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен имиджі" тақырыптары бойынша оқытуды ұйымдастырады.

     Өткізілетін оқыту мемлекеттік қызметшілерде азаматтық жауапкершілік, қоғам игілігі үшін жұмыс істеуге ұмтылу, қызметтік әдеп стандарттарының талаптарын білу және мемлекеттік қызметшілердің табысты қызметінің қажетті шарттары болып табылатын осы талаптарға сай әрекет етуге дайын болу сияқты маңызды құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.