Date of publication: 13.08.2015 11:19
Date of changing: 26.08.2015 10:24

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 13-бабының нормаларына сәйкес

 Салық төлеуші құқылы:

- салық органдарынан қолданылып жүрген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат, салықтық нысандарды толтыру тәртібі бойынша түсіндірмелер алуға;

- Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жеке өзі не өзінің өкілі арқылы немесе салық консультантының қатысуымен өзінің мүдделерін білдіруге;

- Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес салықтар бойынша аудит жүргізуге шарт жасасуға;

-   Кодексте белгіленген жағдайларда салықтық бақылау нәтижелерін алуға;

- салық органында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын, салықтық өтініштердің белгіленген нысандарының бланкілерін және (немесе) электрондық түрде салық есептіліктері мен өтініштерін беру үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етілімді тегін алуға;

- өтініш бойынша салық органында бұрын өзі тапсырған салық есептілігінің көшірмесін алуға;

- салық органдарына салықтық бақылау нәтижелері бойынша салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу мен төлеу жөніндегі түсіндірмелерді табыс етуге;

- салық органы салықтық өтініш алған кезден бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей салық міндеттемесін, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстау және аудару, әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу бойынша міндеттемелерді орындау бойынша бюджетпен есеп айырысудың жай-күйі туралы жеке шоттан үзінді көшірме алуға;

- салықтық өтініш бойынша  Қазақстан Республикасындағы көздерден бейрезидент алған кірістердің және ұсталған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтама алуға;

- сауал бойынша  салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер алуға;

- салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мақсатында төлем құжатын толтыру үшін қажетті деректемелер туралы мәліметтер, сондай-ақ салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу тәртібі туралы ақпаратты салық органына көрсетілген ақпарат үшін өтініш жасалған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде алуға;

- салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) салық қызметінің жоғары тұрған органының хабарламаға жасалған шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне, сондай-ақ салық органдарының лауазымды адамдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;

- салықтық құпияның сақталуын талап етуге;

- салық органдары көрсететін мемлекеттік қызметтерді тегін алуға;

- салықтық тексеру жүргізу барысында салық органдарының лауазымды адамында туындаған сұрақтарды жазбаша тіркеуге және осы сұрақтар көрсетілетін құжатты онымен келісуге;

- берілуі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында, Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасында тікелей көзделген ақпарат пен құжаттарды қоспағанда, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерге жатпайтын ақпарат пен құжаттарды бермеуге құқылы.