Date of publication: 22.10.2018 18:37
Date of changing: 22.10.2018 18:39

     Қазақстан Республикасында электронды декларациялауды енгізу Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы стратегиясы шарасында жемқорлықтың алдын-алудағы тиімді құралдарының бірі болып табылады.

     Тауарларды электронды кедендік декларациялауға арналған «АСТАНА-1» ақпарттық жүйесі Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) нормаларына, халықаралық стандарттар мен алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибелерге сәйкес әзірленген және кедендік формалдылықты жеңілдетуге, ұсынылатын құжаттардың санын және оларды өңдеу уақытын азайтуға ықпалын тигізеді.  

     Жүйенің негізгі функционалы - бұл құжаттарды қағаз түрінде ұсынбай кедендік декларацияларды электронды түрде қабылдау және өңдеу болып табылады. Аталған жүйе декларацияны автоматты түрде тіркейді. Сонымен қатар, тәуекелдерді басқару жүйесі кедендік бақылау шараларын өзі анықтап, инспекторға оларды жүзеге асыру үшін нақты нұсқаулар береді, яғни тауар туралы шешім қабылдау кезінде адамдық фактордың қатысуын болдырмайды.

     Аталған жүйе тауарларға арналған декаларацияны тәуекел болмаған жағдайда «жасыл дәліз» бойынша автоматты түрде шығарады. Бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушымен кедендік ресімдеу маманының тікелей қарым-қатынасын болдырмай, жемқорлық тәуекелдерді азайтады.

     Сыртқы экономикалық қызметке қатысушы(логин және электронды-цифрлық қолтаңбасы болған жағдайда), брокерлердің қызметтеріне жүгінбей-ақ, еліміздің кез-келген аймағынан, яғни өз үйінен немесе жұмыс орнынан декларацияны жібере алады.

     Сонымен қатар, тауарларға арналған декларацияны толтыру процесі жеңілдетілген. Бағдарлама декларацияда толтырылуы міндетті бағандармен мәліметтерді көрсету кезінде қолдануға ыңғайлы анықтамалар мен көмекші сілтемелер жүйесімен қамтамасыз етілген.

     Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде аталған ақпараттық жүйе өткен жылдан бері сәтті қолданылып келеді.

     2017 жылдың 1 қазанынан бері тәжірибелік қолданысқа енгізілген «Кедендік транзит» қосалқы жүйесі пайдаланушылар атынан жақсы пікірлерге ие болып отыр. Қазіргі таңда «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінде 4000 астам транзиттік декларациялар тіркелген.

     2018 жылдың басынан бастап аталған жүйеде «Экспорт» кедендік рәсімінде 1 мыңнан астам декларациялар ресімделіп, олардың 80 пайызы жүйемен автоматты түрде шығарылған.

     Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап барлық кедендік рәсімдер бойынша 3,6 мыңнан астам тауарларға арналған декларациялар тіркелді. Олардың 72 пайызы жүйенің «жасыл дәлізі» арқылы, яғни лауазымды тұлғаның қатысуынсыз автоматты түрде шығарылған. Бұл, біртұтас алғанда жемқорлық көріністеріне әкелінетін себептерді туғызбайды.

     Тауарларға арналған декларацияларға қатысты жүйе арқылы таңдап алынып, кедендік бақылауға тартылғандардың үлесі 28% құрайды.  Оның 26% «сары дәлізге» түсіп, құжаттық бақылау жасалынғаннан кейін, одан әрі «жасыл және көк дәліздерге» ауыстырылған, қалған 2% ғана «қызыл дәлізде» тіркеліп, кедендік тексеріс, кедендік сараптаулар жүргізілген.

      «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесін жүзеге асыру одан әрі сәтті жалғасын табуда.  Атап айтсақ,  «Кедендік транзит» қосалқы жүйесінде уақытша сақтауға қойылған тауарларды есепке алу мақсатында «тауарларды сақтау құжаты»(ДХТ-документ хранения товаров) іске қосылды.

     Бұл өз алдына, СЭҚ қатысушы тауарларын уақытша сақтау орындарынан кеден органының белгісі қойылған тауарларға арналған декларацияны ұсынбай-ақ алуына мүмкіндік береді, яғни СЭҚ-ке қатысушымен мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерінің тікелей қатынасын азайтады.

     Департамент тарапынан СЭҚ-ке қатысушыларға, кедендік өкілдерге «Астана-1» ақпараттық жүйесінің жұмысын қоса, кедендік реттеу саласы бойынша үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Атап айтсақ, жыл басынан бастап бұқаралық ақпараттық  құралдарда және әлеуметтік желілерде 14 мақалалар беріліп, 14 «Дөңгелек стол» отырыстары, «Клиентті тани біл» акциясы шеңберінде, қызметтік кездесулер, семинарлар өткізілді. Департаменттің басшылары аумақтық телерадиокомпаниялардың 5 тікелей эфиріне қатысты.