Date of publication: 07.06.2019 15:10
Date of changing: 07.06.2019 15:12

     Батыс Қазақстан облысында ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жалпы сомасы 274,9 млн.теңгеге негізгі қарызды өтеген 851 салық төлеушілерге қатысты жалпы сомасы 105,4 млн. теңгеге өсімді есептен шығарды.

     Елімізде шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтың негізгі сомасын өтеген жағдайда өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық жүргізіліп жатқаны белгілі.

     Өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша салық төлеушінің дербес шотында есепте тұрған Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 57-1-бабында көзделген салықтар бойынша негізгі борышқа ақы төлеу шартымен, сондай-ақ төлеу күнін қоса алғанда, 2018 жылғы 1 қазаннан бастап оны төлеу күніне дейінгі кезең үшін көрсетілген бересі сомасына есептелген жағдайда жүргізіледі.

     Шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік кіріс органдарына жүгінудің қажеті жоқ: өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару салық төлеу мерзімін кейінге қалдыруды/бөліп төлеуді алған салық төлеушілерді қоспағанда, салық төлеушінің өтінішінсіз жүргізілетін болады.

     Сонымен қатар, Қазақстанда жақын арада жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасау қажет.

     Бүгінгі күні ҚР Салық заңнамасына түзетулер әзірленді, олар 2019 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін салық міндеттемелері бойынша салықтың негізгі сомасын жеке тұлға төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығаруды көздейді.

     Республика бойынша рақымшылық жасауға түзетулер қабылданған жағдайда 1 390,0 мың адам түседі, оларға 13,9 млрд теңге сомасына бересіні төлеген жағдайда жалпы сомасы 7,0 млрд теңге болатын өсім есептен шығарылады.

     Салықтық рақымшылық ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады.

БҚО бойынша МКД