Date of publication: 29.02.2016 19:18
Date of changing: 29.02.2016 19:19

2015 жылы 22 маусымда Қазақстан Женевада Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы келіссөздерін аяқтады. 2015 жылы 12 қазанда Еліміздің ДСҰ-ға енуі туралы хаттама Қазақстан Республикасы Президентінің бұйрығымен бекітіліп, 2015 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан аталған ұйымның толыққанды мүшесі атанды.

         Мұнымен қатар, Қазақстан Республикасы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бері Еуразиялық экономикалық одақтың (ары қарай – ЕАЭО) мүшесі болып табылады.

2015 жылы 16 қазанда ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары ҚР-ның ДСҰ-ға енуі шеңберінде бірқатар құжаттарға қол қойған болатын:

  • №22 « Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына қатысты бірқатар мәселелер туралы» Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімі;
  • «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы тауар әкелімі мен айналымы жөніндегі кейбір мәселелер туралы» хаттама.

Осы Хаттаманың 3-бабына сәйкес, үшінші елдерден ҚР аумағына тауар әкелу және тауарларды ЕЭК бекіткен Тізбеге сәйкес КО-ның КК-мен қарастырылған кедендік рәсімдердеу кезінде төмендетілген баж мөлшерлемесін қолдану қарастырылған.

ДСҰ-ға енгеннен кейін Қазақстанға әкелінетін бірқатар тауарларға төмендетілген кедендік баж мөлшерлемелері қолданылады. Хаттама осы тауарлардың әкелінуі мен ЕАЭО аумағында орналасуын реттейді.

ДСҰ жағдайында ЕАЭО БКТ шеңберіндегі кедендік баж салықтарынан төмен болатын Тауарлар тізбегі, әкелім мөлшерлемесі сияқты тауарлық позициялар жөніндегі тарифтік міндеттемелер Қазақстанның ДСҰ-ға енуінің негізгі шарттары болып табылады.

Қол қойылған құжаттарға сәйкес, Қазақстан Республикасына төмен кедендік баж салығы бойынша әкелінген Тізбеге енгізілген тауарларды Одақтағы басқа елдердің аумағына шығармауды қадағалау міндеті жүктеледі. 

Тізбеге енген тауарларды ҚР аумағына әкелу ДСҰ-ның мөлшерлемесі бойынша (алайда Қазақстаннан тысқары шығару құқығынсыз) немесе ары қарай бұл тауарларды Одаққа мүше мемлекеттерде іске асыру мақсатымен ЕАЭО БКТ мөлшерлемесі бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, хаттамаға сәйкес, Қазақстанға төмен баж мөлшерлемесі бойынша әкелінген тауарлар тек қазақстандық нарықтағы айналымға шығарылады.

Тауарға ЕАЭО тауары мәртебесін беріп, оны одақтың басқа елдеріне жеткізу үшін, импорттаушы тауарларды әкелу кезінде бірден бірыңғай кедендік тариф (БКТ) мөлшерлемесі бойынша әкелім бажын төлеуі тиіс.

Айналым тәртібіне сәйкес, СЭҚ қатысушылары-салық төлеушілер мынадай талаптарды қадағалауы қажет:

  1. Тізбеден ҚР-ға ДСҰ мөлшерлемесі бойынша әкелінген тауарлардың Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тасымалдануына және айналымға түсуіне тыйым салынған;
  2. ҚР-ға ЕАЭО БКТ мөлшерлемесі бойынша әкелінген тауарларды ЕАЭО кедендік аумағына тасымалдау барысында кедендік декларация мен электронды шот-фактураның көшірмелері қоса берілуі тиіс;
  3. ҚР-да өндірілген тауарларды ЕАЭО мүше-мемлекеттерге тасымалдау кезінде, егер бұл топтағы тауарлар Тізбеге енген болса, растаушы құжат ретінде СТ-1 формасындағы тауардың шыққан жері туралы сертификатты табыстауы қажет.

Егер Сіз ЕАЭО мүше-мемлекет болып табылмайтын үшінші елдерден тауар әкелетін болсаңыз, онда төмен кедендік әкелім бажы қолданылатын тауарыңыздың Тізбеге енген-енбегендігін анықтауыңыз қажет. Аталған тауарлар тізбегі 2015 жылғы 14 қазандағы №59 «Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу шарты ретінде Қазақстан Республикасына жүктелген міндеттемелерге сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифі баж мөлшерлемесімен салыстырғанда анағұрлым төмен кедендік әкелім баж мөлшерлемесі қолданылатын тауарлар тізбегі мен осындай мөлшерлемелердің өлшемдері туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімімен бекітіліп, kgd.gov.kz сайтында жарияланған.  Мұндай тауарлар бойынша нормативті құқықтық актілер арқылы реттелетін айналымның ерекше тәртібі орнатылған және ол да kgd.gov.kz сайтында жарияланған (негізгі мәзірдегі ДСҰ қосымша парағын қара.)

2015 жылы 9 желтоқсандағы №640 ҚР ҚМ бұйрығына және осы бұйрыққа 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №718 ҚР ҚМ бұйрығымен енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға, сондай-ақ, Тауарларға декларация толтыру тәртібі туралы Нұсқаулыққа (2015 жылы 15 желтоқсанда №166 ЕЭК шешемімен) енгізілген өзгерістерге сәйкес, қолданылатын кедендік әкелім бажының мөлшерлемесіне қарай Тізбеге енген тауарларды ажырату мақсатында мыналар қарастырылған:

  • ДСҰ төмен мөлшерлемесі бойынша тауар декларациясының реттік нөмірінің бірінші 3 саны 1 санынан басталуы тиіс;
  • ЕАЭО БКТ мөлшерлемесі бойынша тауар декларациясының реттік нөмірінің бірінші 3 саны 0 санынан басталуы тиіс;

             Тізбеге енгізілген тауарларды бақылау үшін, Қазақстан Республикасы «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесін пайдаланады, осыған сәйкес, СЭҚ қатысушылары электронды сандық қолтаңба алып, аталған ақпараттық жүйеге тіркелуі қажет.

             Тізбеге енгізілген тауарларды жеткізушілер Қазақстаннан Одақтың басқа елдеріне өнімдер жеткізу кезінде, тауарлардың үшінші елдерден әкелінген кедендік әкелім баж мөлшерлемесін тауар декларациясында көрсете отырып, мәліметтерді есеп жүйесіне енгізеді.

             Сонымен қатар, Қазақстан Республикасына ветеринарлық бақылауға жататын тауарларды ел аумағынан тыс жерлерге тасымалдамау міндеті жүктелді. Аталмыш міндет ЕАЭО талаптарынан басқа талаптар қойылатын тауарлар мен олардың өнімдеріне қатысты. Ол үшін мұндай тауарларды бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылған және Одақ елдерінің арнаулы жүйелері арасында ақпараттық алмасым орнатылған.