Date of publication: 06.11.2017 18:38
Date of changing: 01.11.2018 15:49

«1. Жеке тұлғаның қайтыс болған күніне немесе соттың күшіне енген шешімі негізінде оны қайтыс болды деп жариялау күніне жиналып қалған салықтық берешегін оның мұрагері (мұрагерлері) мұраға қалдырылған мүліктің құны шегінде және мұраны алған күнге ондағы үлесіне пропорционалды түрде өтейді.
       Егер қайтыс болған жеке тұлғаның, сондай-ақ соттың күшіне енген шешімі негізінде қайтыс болды деп жарияланған жеке тұлғаның мүлкі салықтық берешекті өтеу үшін жеткіліксіз болса, онда салықтық берешектің өтелмеген бөлігін салық органы мүліктің жеткіліксіздігі туралы сот шешімі негізінде есептен шығарады.

       2. Егер мұрагер (мұрагерлер) кәмелетке толмаған (кәмелетке толмағандар) болса, онда жеке тұлғаның қайтыс болған күніне немесе оны қайтыс болды деп жариялау күніне жиналып қалған салықтық берешегін өтеу жөніндегі міндеттеме соттың күшіне енген шешімі негізінде ғана мұндай мұрагерге (мұрагерлерге) мұраға қалдырылған мүліктің құны шегінде және мұраны алған күнге ондағы үлесіне пропорционалды түрде жүктеледі.
       3. Жеке тұлғаның қайтыс болған күніне немесе соттың күшіне енген шешімі негізінде оны қайтыс болды деп жариялау күніне жиналып қалған салықтық берешегі, егер:

       1) кәмелетке толмаған мұрагер (мұрагерлер) соттың күшіне енген шешімі негізінде осындай берешекті өтеу жөніндегі салықтық міндеттемеден босатылған;
       2) мұрагері (мұрагерлері) жоқ болған жағдайларда, өтелген болып саналады.
       Сот жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімнің күшін жойған кезде бұрын салық органы есептен шығарған салықтық берешектің күші осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзіміне қарамастан, сот тәртібімен қайта басталады.
       4. Осы баптың ережелері дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам қайтыс болған немесе соттың күшіне енген шешімі негізінде қайтыс болды деп жарияланған күніне жиналып қалған салықтық берешекті өтеу кезінде қолданылады.»