Date of publication: 28.07.2021 18:01
Date of changing: 28.07.2021 18:08

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 24.12.2020 жылғы №1232 бұйрығымен визуалды тексеру жүргізе отырып, салық төлеушілерді әкімшілендіру бойынша пилоттық жобаны іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді.

Қағидаларға сәйкес жабық базарлар, сауда үйлері, дүкендер, павильондар аумағында сауда қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілер пилоттық жоба басталған күннен бастап немесе құрылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде штрих-кодты (QR-кодты) Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталы (https://kgd.gov.kz) арқылы Ақпараттық ресурстар – QR-кодты қалыптастыру бөлімінде алады және осы QR-кодты БКМ орналасқан жерлерде орналастырады.

Мұндай QR-код мынадай ақпаратты қамтиды:

- ЖСН/БСН;

- салық төлеушінің толық атауын;

- салық төлеушінің орналасқан жерінің мекенжайын;

- алкоголь өнімін өндіру аумағында оны сақтау және бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, алкоголь өнімін сақтауға және бөлшек саудада өткізуге арналған лицензияның болуы немесе болмауын;

- БКМ тіркеу нөмірін;

- салық төлеушінің мәртебесін (әрекет, әрекетсіз, қызметті тоқтата тұру).

QR-код кәсіпкерлік субъектілерін көзбен шолып қарауды жүргізу үшін пайдаланылады.

Көзбен шолып қарау жабық базарлардың, сауда үйлерінің, дүкендердің, павильондардың аумақтарын арнайы бейнебақылау, шағымдар бойынша мемлекеттік кірістер органдары лауазымды адамдарының фотофиксация құралдарын қолдана отырып қарап-тексеруді көздейтін мемлекеттік бақылаудың өзге нысаны болып табылады. Көзбен шолып қарау мынадай мәселелер бойынша келіп түскен шағымдар бойынша жүргізіледі:

- Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде мемлекеттік кірістер органдарында тіркеу есебіне қойылмауы;

- БКМ қолдану тәртiбiн бұзу;

- төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болмауы;

- алкоголь өнімін өндіру аумағында оны сақтау және бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, алкоголь өнімін сақтауға және бөлшек саудада өткізуге арналған лицензияның болмауы.