
Деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізудің өзгертілген қағидалары 2021 жылғы 12 наурызда күшіне енеді, деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде.
Бұйрыққа өзгерістер енгізу қажеттілігі құқықтық қолдану практикасының нәтижелері бойынша туындады.
Бұйрық негізінен редакциялық және нақтылау сипатындағы өзгерістерді қамтиды, сонымен қатар мынадай елеулі өзгерістер енді:
жобалау алдындағы жұмыс үшін мерзімді ұлғайту (12 айдан 18 айға дейін);
пилоттық жобаға қатысу үшін салық төлеушілер санаттарын кеңейту және инвестициялық басым жобаларды іске асыратын салық төлеушілер үшін пилотқа қатысу мүмкіндігін беру;
газ тасымалдау және тау-кен саласындағы салық төлеушілер үшін пилоттық жобаға қатысу мерзімдерін ауыстыру;
деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жоба туралы келісімді мерзімінен бұрын және өзге де негіздер бойынша бұзу мүмкіндігі.
Аталған өзгерістер «Деңгейлес мониторинг бойынша пилоттық жобаны жүргізу қағидаларын бекіту туралы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 1 шілдедегі № 648 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 23 ақпандағы № 138 бұйрығымен енгізіліп, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелді.
Деңгейлес мониторинг жүргізу тәртібін жетілдіру және жаңғырту мақсатында іске асырылатын пилоттық жоба Қазақстан Республикасында 2020 жылғы шілдеде басталды.
Қазіргі уақытта пилоттық жобаға оннан астам салық төлеушілер қатысып отыр.
Деңгейлес мониторинг ірі салық төлеушілерді салықтық әкімшілендірудің тиімді моделі болып табылады, оған салықтық жүктемедегі тұрақтылық пен сенімділік, ішкі және жаһандық нарықтардағы компаниялардың инвестициялық тартымдылығын арттыру, айыппұлдардың болмауы және салық төлеушілер үшін өсімпұлдарды азайту сияқты негізгі артықшылықтар тән.