Date of publication: 14.04.2016 10:14
Date of changing: 14.04.2016 10:15

Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жастар арасында мемлекеттік кірістер органдарының жұмысын насихаттау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу аясында «Қаржыгер – беделді мамандық» тақырыбында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университетінің экономика факультеті «Есеп және қаржы» кафедрасының екінші курс студенттерімен қызықты іскерлік ойын өткізді.

Кездесу басында кафедра меңгерушісі Рүстенова Эльвира Амангелдіқызы студенттерге Департамент қызметкерлері мен қазылар алқасы мүшелерін таныстырып өтті.

Түсіндіру жұмыстары басқармасының бас маманы О.Куликова алғысөзінде болашақ маман иелеріне қаржыгер, салық және кеден мамандығының маңыздылығы мен мүмкіндіктері туралы баяндады. Салық және кеден қызметінің қалыптасуы мен дамуы жайында қысқаша шолу жасады. Содан соң аудитория назарына БҚО бойынша МКД қызметі туралы бейне-ролик ұсынылды. Сондай-ақ, қызығушылық танытып, еңбек жолын мемлекеттік органдармен байланыстыруға ниет білдірген студенттерге үшінші курстан кейін мемлекеттік кірістер органдарында тәжірибе жинақтау үшін Департаментте тәжірибеден өту мүмкіндігі бар екендігі түсіндірілді. Ресми рәсімдерден соң, балалар ойынға кірісті.

Іскерлік ойын төрт раундтан тұрды: 1-интеллектуалды бөлім (сұрақтарға жауап беру), 2-кроссвордтар, 3-ребустар және 4-жағдаят.

Қатысушылар екі топқа бөлінді: «Альянс» және «Болашақ». Ойын барысында командалар белсенділік танытып, барлық тапсырмаларды әсерлі әрі асқан ұйымшылдықпен орындады.

Ойын қорытындысы бойынша «Болашақ» тобы 1-орынды, «Альянс» 2-орынды иеленді. Шара соңында қазылар алқасы қорытындыларды жариялап, қатысушыларға бірінші және екінші дәрежелі дипломдар табыс етті. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері студенттерге тартысты өткен ойын үшін алғыс білдіріп, жолдастық әріптестікті жалғастыруды ұсынды. Ұстаздар қауымы мен студенттер де бұл идеяға бірден қолдау білдірді.

Барлық қатысушылар өткізілген шарадан тек жағымды әсер алды.

 

 БҚО бойынша МКД Түсіндіру жұмыстары басқармасы