Date of publication: 17.02.2016 14:23
Date of changing: 17.02.2016 14:28

Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Облыстық ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде салық және кедендік әкімшілендірудің өзекті мәселелері бойыша семинар отырысын өткізді.

        Мәжіліс Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Н.С.Қайыршин мен Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Б.Н. Қайдаровтың алғы сөздерімен ашылды. Олар сөз барысында салық және кедендік әкімшілендіру мәселелері үнемі жаңарып, жаңғырып отыратындығын, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы және «Жүз нақты қадам» Ұлт жоспары аясында отандық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында елімізде салық және кедендік әкімшілендіру сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын нақты қадап айтты. Сондай-ақ, Б.Н.Қайдаров Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрілігінің бастамасымен жаңа Мемлекеттік кірістер кодексінің дайындық үстінде екендігі жайлы қатысушыларды құлағдар етті.

Отырыс барысында «Халықаралық салық салу және жер қойнауын пайдаланушылардың салық төлеуі бойыша өзгерістер» тақырыбында Департаменттің камералдық бақылау бөлімінің басшысы М.Т. Сұлтанова, «Кедендік декларация рәсімдеу барысында ДСҰ мөлшерлемесі бойынша баж салығын төлеу мәселелері» тақырыбында Тауар номенклатурасы және кедендік құн басқарамасының басшысы С.А. Шакенова баяндама жасап, салық төлеушілердің көкейін тескен өзекті мәселелерге арнайы тоқталып, қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді. ДСҰ экономикалық қарқыны жағдайындағы қосылған құн салығы мен электронды шот-фактуралар көшірмесі турасында ҚҚС әкімшілендіру және аудит бөлімінің бас маманы Д.Н. Қажығалиева сөз өрбітті. ҚР Салық кодексінің 18-бөліміне енгізілген өзгерістер, көлік құралдарына салынатын салық бойынша өзгерістер, деректерді онлайн-жіберу функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды функциялаудың арнайы салық режимдері мен ерекшеліктері Департаменттің Мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының басшысы Е.Ғ. Найзабековтің баяндамасына арқау болды. «Жалған кәсіпкерлік қызмет және оның контрагенттер үшін салдары» баяндамасымен Экономикалық тергеу қызметі Жалған кәсіпкерлік және заңсыз банкротқа қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Б.А. Сатаев түйткілді мәселелердің түйінін тарқатты.

         Баяндамашылар қатысушылардың электронды шот-фактураларды рәсімдеу, жаңа бақылау-кассалық машиналарды қолдану, жалған кәсіпкерлікке қарсы тұру механизмін дайындау, шетелдегі мүлікті жария ету тұрғысында қойылған сұрақтарына нақты, толымды жауап берді. Семинарды түйіндей келе, Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Б.Н. Қайдаров мұндай семинарлардың тәжірибелік маңызын атай отырып, отырысқа қатысушыларды бірыңғай салық және кеден кодексін дайындауға белсенді қатынасуға шақырды. Сондай-ақ, Бауыржан Наурызғалиұлы бүгінгі таңда Департамент басшылығының негізгі миссиясы жай ғана салықтық және кедендік төлемдерді өндіріп алу емес, жемісті бизнес-климат орнату, шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекеттік қызметтердің қолжетімді әрі ыңғайлы болуын қалыптастыру екендігін атап өтті.

 

 

                                                                    БҚО бойынша МКД