Батыс-Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік крістер департаменті БҚО Кәсіпкерлер палатасында «Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне орай, салық және кедендік әкімшілендірудегі жаңалықтарды түсіндіру» тақырыбында облыстың сыртқы экономикалық қызметке қатысушылары мен тасымалдаушы компаниялар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысын өткізді.
2016 жылдың 11-ші қаңтарында «Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағындағы тауарлар әкелімі мен айналымының бірқатар мәселелері туралы» Хаттаманың күшіне енуі мен Қазақстан Респбуликасының ЕАЭО бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелерінен төмен кедендік әкелім бажы қолданылатын тауарларға қатысты қабылдаған міндеттемелері дөңгелек үстелдің өтуіне алғышарт болды.
Отырысқа департамент басшысының орынбасары Н.С. Абдулов, тауар номенклатурасы мен кедендік құн басқармасының жетекшісі С.А. Шакенова, кедендік бақылау басқармасының жетекшісі Қ.Е. Кенжеғожин, үшінші елдер және кедендік одақ импортын әкімшілендіру бөлімінің жетекшісі И.Е. Нысанбаев және жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасы ҚҚС әкімшілендіру және аудит бөлімінің бас маманы Д.Қ. Қажығалиева қатысты.
Дөңгелек үстел барысында «Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағындағы тауарлар әкелімі мен айналымының бірқатар мәселелері туралы» Хаттамаға сәйкес, төменгі кедендік баж бойынша рәсімделген тауарларды ДСҰ шеңберінде тасымалдау кезіндегі Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындауға орай, енген салық және кедендік әкімшілендірудегі жаңалық-өзгерістерге түсінік берілді. «ДСҰ-ға ену кезінде Қазақстан Республикасына жүктелген міндеттемелерге сәйкес, ЕАЭО Бірыңғай кедендік тариф мөлшерлемесімен және баж мөлшерлемелерімен салыстырғанда анағұрлым төмен кедендік әкелім бажының мөлшерлемелері қолданылатын тауарлар тізбесі туралы» ЕАЭО Кеңесінің 2015 жылғы 14 қазандағы №59 шешіміне сәйкес, ДСҰ-ның төмен мөлшерлемелерін қолдану жөнінде жан-жақты түсіндірілді.
Отырыс мүшелері тауарларды кедендік декларациялауды ДСҰ және ЕАЭО БКТ-ның кедендік баж мөлшерлемелері бойынша бөлу қажеттігіне назар аударды, өйткені ДСҰ мөлшерлемелерімен әкелінген тауарлар Кедендік одақ елдеріне тасымалданбауы тиіс. Тізбеге алынған және экспортқа жіберуге жоспарланған тауарлар ЕАЭО БКТ мөлшерлемелері бойынша декларацияланып, олардың көлемі электронды шот-фактура көшірмесін және тауар декларациясын мемлекеттік кіріс органдарының куәландыруы арқылы расталуы тиіс.
Электронды шот-фактуралармен жұмыс жасау, Қазақстан аумағынан ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттер аумағына Тізбеге енгізілген тауарларды тасымалдау кезінде куәландырылған құжаттарды алу тәртібі тұрғысындағы сұрақтарға арнайы тоқталып өтті.
Отырысқа қатысушылар,әсіресе, Украинадан Ресей Федерациясы арқылы Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар тасымалдау жөніндегі ақпаратты аса ыждағатпен тыңдады.
Департамент қызметкерлері облыс бизнесмендерін Тізбеге алынған тауарлар айналымын қадағалау мақсатында Батыс-Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде ұтқыр топтардың жасақталғандығы жайлы хабардар етті. Ұтқыр топтардың көлік құралдары айырым белгілерімен және жазбалармен жабдықталған.
Сонымен қатар, БҚО кәсіпкерлеріне тауарға ілеспе құжаттарды куәландыру мәселесі бойынша БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде тәулік бойы «қауырт желі» ұйымдастырылғандығы туралы ақпар берілді. Байланыс телефондары: 8/7112/-24-19-32, 8/7112/-53-84-68. Украинадан тауарлар тасымалдау мәселесі бойынша call-centre: 8/7112/-53-84-47 жұмыс жасайды.
Дөңгелек үстел мәжілісіне қатысушылар салық және кедендік әкімшілендіру саласындағы, басқа да өздерін толғандырған сұрақтарға толымды жауап алып, бірқатар ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Ұсыныстар мен қосымшалар қажеттілігі мен өзектілігіне қарай қарастырылып, жоғары тұрған орындарға жолданады.
БҚО бойынша МКД Түсіндіру жұмыстары басқармасы