Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 93 бабымен салық төлеушілердің қызметін мәжбүрлі тәртіппен тоқтату тәртіптері белгіленгенін хабарлайды.
Мәжбүрлі тәртіппен қызметін тоқтатуға бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер жатады:
1) күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына дейін, бірақ осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінен кем болмайтын мерзімде:
салықтық есептілікті ұсынбаған;
экспорттық-импорттық операцияларды жасамаған;
егер күнтізбелік жыл ішіндегі төлемнің және ақша аударымының сомасы жалақының 12 еселенген ең төмен мөлшерінен (28284 тенге × 12 = 339408 тенге) аспайтын жағдайларды қоспағанда, банктік шоттар бойынша төлемдерді және ақша аударымдарын, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін және әлеуметтік төлемдерді алуды жүзеге асырмаған;
қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмаған;
2) күнтізбелік жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша:
қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмаған;
Салық Кодексінің 213 және 214-баптарында айқындалған тәртіппен салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрмаған;
жеке тұлғалардан мүлік, көлік құралдары салықтары, жер салығы, бірыңғай жер салығы салынатын объектілерді қоспағанда, меншік құқығында көрсетілетін салықтар салынатын объектілер жоқ;
әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ;
салықтар және бюджетке төленетін төлемдер, кедендік төлемдер және 6 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын (6 × 2 405 = 14 430 тенге) мөлшердегі салықтар бойынша салықтық берешегі жоқ резидент-заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері, қызметін құрылымдық бөлімше ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер жатады.
Осы тармақтың ережелері:
1) осы Кодекске сәйкес салықтық мониторингке жататын;
2) қызметін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.
Салық органдары жыл сайын:
1) Мәжбүрлі тәртіппен қызметін тоқтатуға жататын субъектілердің бастапқы тізбесін 1 наурыздан кешіктірмей қалыптастырады;
2) Мәжбүрлі түрде таратылуға жататын субъектілердің қалыптастырылған тізбесін бұқаралық ақпарат құралдарында 1 сәуірден кешіктірмей орналастырады;
3) Мәжбүрлі тәртіппен қызметін тоқтатуға жататын субъектілердің қалыптастырылған тізбесі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін 1 мамырдан кешіктірмей, мәліметтер алу үшін:
екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға – осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында айқындалған төлемдер және ақша аударымдары туралы;
уәкілетті мемлекеттік органдарға – мүліктің, көлік құралдарының, жер учаскелерінің бар-жоғы туралы;
әділет органдарына – Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде мәліметтердің болуы туралы сұрау салулар жібереді.
Қойылатын наразылықтардың құқыққа сыйымдылығын растайтын құжаттар қоса берілген, кредиторлардың немесе өзге де тұлғалардың өтініштерін (наразылықтарын) салық органдары күнтізбелік жылдың 1 маусымына дейін қабылдайды.
Мәжбүрлі түрде таратуға жататын субъектілердің түпкілікті тізбесі Салық кодексінің 93 бабының 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген мәліметтер алынған және кредиторлардың немесе өзге де тұлғалардың өтініштері (наразылықтары) болмаған жағдайда күнтізбелік жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей қалыптастырылады.
Салық органдары Салық кодексінің 93 бабының 4-тармағында көрсетілген тізбеге қосылған субъектілерге қатысты мәжбүрлі түрде тарату үшін талап қою арыздарын сотқа күнтізбелік жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей жібереді.
БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті