Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 555-бабы 1-тармағына сәйкес жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі – төлемақы), тиісті саладағы қызметті жүзеге асырудың бірінші жылын қоспағанда, алкоголь өнімін сақтау және көтерме саудада өткізу жөніндегі және алкоголь өнімін сақтау және бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде алынады.
Лицензиялық төлемақы ставкасы әр қызмет нысанына төленіп, көтерме сатушыларға 200 АЕК-ті құрайды, ал бөлшек сатушыларға ставка әкімшілік-аумақтық орналасуына байланысты сараланады:
- астанада, республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында – 100 АЕК;
- басқа да қалалар мен кенттерде – 60 АЕК;
- ауылдық елді мекендерде – 20 АЕК.
Төлемақы төлеушілер төлемақы сомаларын өзінің тұрған жері бойынша ағымдағы жылғы 25 наурыздан, 25 маусымнан, 25 қыркүйектен және 25 желтоқсаннан кешіктірмей тең үлестермен жыл сайын төлейді.
Егер есепті салықтық кезеңде лицензияны пайдалану кезеңі бір жылдан аз болса, төлемақы сомасы бір жылға есептелген төлемақы сомасын он екіге бөлу және бір жылда лицензия пайдаланылған (толық немесе толық емес) айлардың тиісті санына көбейту жолымен айқындалады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жеке қызмет түрлерін пайдаланғаны үшін лицензиялық алым төленіп келген болатын.
БҚО бойынша МКД