Ағымдағы жылдың 1 сәуірі мен 30 -қарашасы аралығында Бөрлі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы Бөрлі ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Бөрлі ауданының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы», «Тарлан», «Ақсай жастары» қоғамдық бірлестіктерінің қатысуымен «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясын өткізуді қолға алып отыр. Аталмыш акцияның мақсаты- халықтың салықтық сауатын арттыру мен азаматтық белсенділігін жоғарылату, ақшалай есеп айырысу кезінде бақылау касса машиналарының чек түбіртегін талап етудің әлеуметтік –экономикалық маңыздылығын түсіндіру болып табылады.
Акция шеңберінде 16 мамыр күні «Жарсуат» сауда үйінің алдында студенттердің көмегімен флэшмоб ұйымдастырылды.
Арнайы берілген сирена дыбысының көмегімен, «Жарсуат» сауда үйінің алдына жиналған колледж студенттері «Түбіртекті талап ет!» - деп ұрандата бастап, қала тұрғындарына тауар алу кезінде өз құқықтарымен мүдделерін қорғау жайлы ақпаратпен таныстыратын парақша таратып, акция шарттарымен таныстырды. Яғни, тауарды сатып алған кезде берген түбіртектерді, ұтыс купондарын айырбастау пунктіне әкеліп тегін ұтыс купонына айырбастап алу керектігі және бақылау – кассалық машинасының 10 түбіртегіне бір ұтыс купоны берілетіні жеткізілді.
Чектерді қабылдау пункті «Трнава» сауда үйінде орналасқан, әр аптаның сенбі күні сағ. 10.00 – 13. 00 аралығында қабылданады.Жүлделерді ойнату ай сайын өткізіледі.
«Түбіртекті талап ет – құқығыңды қорға! Еліміздің дамуына өз үлесіңді қос!» деген ұранмен жастар шарға байланған түбіртектің үлкен үлгісін аспанға ұшырды. Іс – шара соңында қала тұрғындарының ризашылығымен көңілді жастардың флэш-моб биімен жалғасын тапты.
БҚО бойынша Бурлин ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасы