Date of publication: 19.05.2015 17:26
Date of changing: 19.05.2015 18:23

     Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің жаңа нұсқасы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Елбасымыздың Қазақстан халқына арналған «Қазақстан- 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын орындау аясында дайындалды.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің жаңа редакциясындағы негізгі бағыттары Президент Әкімшілігі жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобының, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы құқықтық саясат жөніндегі Кеңестің отырысында және Мемлекет басшысымен талқыланып, мақұлданды.

Жоғарыда көрсетілген Кодексте бұрынғы қолданыста болған Кодекстің уақыт талабымен тексерілген негізгі ережелерімен бірге жалпы, айрықша және іс жүргізу бөлімдеріне бөлу құрылымдары сақталды.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің жаңа нұсқасы 920 баптан (бұрынғы 733) тұрады және негізгі үш бағытты жүзеге асыру арқылы әкімшілік заңдылықтарын реформалауға бағытталған.

Бірінші. Ағымдағы жылдың 17 қаңтардағы Елбасы Қазақстан халқына жолдауында шағын бизнесті қолдау бағытындағы заңнаманы жетілдіруге басты назар аударды.

Осыған байланысты шағын бизнес субъектілері үшін айыппұл мөлшері шамамен екі есеге азайды.  

Сонымен қатар, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұл санкциялары қайта қаралды. Сондай-ақ, әкімшілік жаза ретінде ескерту қолдану жағы кеңейтілді.

Екінші. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің ведомстволығы , лауазымды тұлғаладың істерді қарау және әкімшілік жазаларды қолдану жөніндегі құзыреті қайта қаралды. Дәлірек айтсақ, сот органы құзыретінде болған 90 бап пен әкімшілік айыппұл көзделген 52 бап уәкілетті мемлекеттік  органдарға ауыстырылды.

Үшінші. Әкімшілік жауапкершілікке тарту рәсімі қайта жаңғыртылды. Дәлірек айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс өндірісі қысқартылды. Мысалы, егер тұлға жасаған құқық бұзушылық фактісіне сәйкес өз кінәсін мойындап, айыппұл төлеуге келіскен жағдайда, тұлға әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамамен бірге алатын түбіртек бойынша айыппұлды төлейді.

Тағы бір маңызды жаңалықтардың бірі, судьяға (лауазымды тұлғаға)  әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде құқық бұзушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар анықталғанда, салынатын әкімшілік айыппұл сомасы 30 пайызға дейін азайтуға құқық беретін норма енгізілді.

Бұл жаңалық бұрынғы кодексте тек қана арнайы бекітілген белгілі бір жағдайлар кезінде ғана жеңілдік көзделген болатын. Енгізілген жаңалық тағайындалатын жазаның жекелік принципін ескеруге оң әсерін тигізеді.

Келесі бір маңызды өзгерістердің бірі, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексіне ұқсас, заңды күшіне енген әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы нормасының енгізілуі болып табылады. Бұл өтініш беру арқылы жеке және заңды тұлғалардың құықтарының толығымен қорғауды жүзеге асыруда мол мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.

      Қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға құқық бұзушыға, жәбірленушіге белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес, іс үшін маңызды мән-жайлар, соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, заңсыз не негізсіз қаулы шығаруға әкеп соққан куәнің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс емес аударма, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы,
соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, осы істі қарау кезінде жасалған, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, іске қатысатын басқа да тұлғалардың не олардың өкілдерінің қылмыстық әрекеттері немесе судъялардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қылмыстық іс-әрекеттері,
осы қаулыны шығаруға негіз болған соттың шешімін, үкімін, ұйғарымын немесе қаулысын не өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісінің күшін жою, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы негіздер болып табылады.

Жоғары айтылған жайттарды қорытындылай келе, әкімшілік заңнаманы жаңарту, азаматтардың құқықтарының, қоғам мен мемлекеттің мүддесінің заңға қайшы әрекеттерден қорғалуын нығайтуға, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істі қарау кезіндегі заңнаманы бекітуге бағытталғанын айтуға болады.   

 Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік Кірістер Департаментінің

Заң басқармасының басшысы Алия Истюбекова