Date of publication: 14.05.2021 13:01
Date of changing: 14.05.2021 13:06

     Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бизнес-ахуалды жақсарту және Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын (бұдан әрі – Жолдау) іске асыру мақсатында мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуын төмендетуге және бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруге қатысты «Өңірлік мониторинг бойынша пилоттық жобаны (бұдан әрі – пилоттық жоба) жүргізу қағидалары мен мерзімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы министрі бұйрығының жобасын әзірледі.

     Аталған пилоттық жоба мемлекеттік кірістер органдарына салықтық тексерулер тағайындаусыз қажетті құжаттарды зерделей отырып, қаржы-шаруашылық қызметіне талдау жүргізуге мүмкіндік беретін құрал болып табылады, бұл Жолдаудың мақсаттарына сай келеді.

      Бұдан басқа, пилоттық жобада салық төлеушілерге мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды/алшақтықтарды дербес жою, осындай бұзушылықтар/алшақтықтар бойынша өз әрекеттерінің заңдылығына қатысты түсіндірмелер, негіздемелер ұсыну құқығын береді. Салық төлеушілердің осы құқығы да қолайлы бизнес-ахуал құру шараларына сәйкес келеді.

     Бұйрық жобасы ашық нормативтік құқықтық актілердің порталында 2021 жылғы 11 мамырда және мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай порталында 2021 жылдғы 13 мамырда орналастырылған.