Жарияланған күні: 28.05.2019 10:17
Өзгертілген күні: 28.05.2019 10:18

ҚР Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 мамырдағы бұйрығымен елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлінген белдеуіндегі, елді мекендерден тыс үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс ашық кеңістікте сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру қағидалары бекітілді.

Сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыру жарнамалық суреттер немесе ақпаратты жарнама объектілерінде, оның ішінде ғимараттар сыртқы жақтарында орналастырылатын бейнелеу және жазу арқылы жүзеге асырылады

Сыртқы жарнама объектілерін, оның ішінде көрсеткіштерді орналастыру Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, автомобиль жолдары және жол қозғалысы туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Сыртқы жарнамаға жатпайды:
- маңдайша;
- жұмыс тәртібі туралы ақпарат;
- арнайы бөлінген орындарда орналасқан мәдени, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралардың афишалары;
- техникалық қызмет көрсету құралдары мен көлік құралдарын дараландыру;
- автожанармай құю станцияларына кіру кезінде орналастырылатын мұнай өнімдерінің түрлері, мұнай өнімдерінің бағасы, сатушының атауы мен логотипі туралы ақпарат;
- мәдени құндылықтар немесе тарихи-мәдени мұра объектілері туралы, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері туралы ақпарат;
- айырбастау пункттерінің жанында орналастырылатын теңгеге қолма-қол шетел валютасын сатып алу немесе сату бағамы туралы мәліметтерден тұратын ақпарат;
- келесі сипаттағы сыртқы визуалды қабылдау үшін сөрелер мен терезелерді ішкі ресімдеу:
үй-жайлардың ішінде орналастырылатын тауар өнімі;
көрсетілетін қызмет түрлері;
даралау құралдары;
сәндік және мерекелік безендіру.

Жергілікті атқарушы органдарға тиісті хабарламай, сыртқы жарнаманы өз бетімен орналастыруға жол берілмейді.

Хабарламаларды сыртқы жарнаманы орналастыратын жарнама таратушылар Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына және аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жібереді.

Хабарлама арнайы объектілерде сыртқы жарнаманы орналастырудың болжамды күніне дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын жіберіледі.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

БҚО бойынша МКД