
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қаржы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 797 бұйрығымен жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық бойынша өсімпұл сомасын есептен шығару Ережесі бекітілді.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі - 2019 жылғы 13 тамыздан бастап.
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы Заңының 57-3 бабына сәйкес ережелер әзірленді және өсімпұлдарды есептен шығару тәртібін келесідей анықтайды:
1) 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық төлеушінің дербес шотында есептелген өсімпұл сомалары, сондай-ақ 2019 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін салық міндеттемелері бойынша құрылған бересі сомасына есептелген өсімпұл сомалары, төлеу күнін қоса алғанда, оны төлеу күніне дейін. Осы тармақшада көзделген өсімпұлды есептен шығару 2018 жылғы мүлік салығын және жер салығын төлеу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, салық төлеуші 2019 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін салық міндеттемелері бойынша құрылған бересі сомасын толық көлемде төлеген жағдайда жүргізіледі. Бұл ретте өсімпұл бересі төленген салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемнің сол түрі бойынша есептен шығарылады.
2) 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша он бес жылдан астам дербес шоттағы бересі сомасы, сондай-ақ оны есептен шығару күніне дейін көрсетілген бересі сомасына есептелген өсімпұл сомасы.
Жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілерді іріктеу үшін дербес шоттарды түгендеу мақсатында салық төлеушілердің дербес шоттарын жүргізу орны бойынша мемлекеттік кірістер органы Ереже қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Комиссия құрады.
Комиссия 2018 жылғы мүлік салығын, жер салығын төлеу бойынша міндеттемелерді қоспағанда, 2019 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін салық міндеттемелері бойынша құрылған бересі сомасын толық көлемде төлеген салық төлеушілерді, сондай-ақ 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бересі және (немесе) өсім сомалары он бес жылдан астам есептелетін салық төлеушілерді іріктеу үшін дербес шоттарды түгендеу бойынша жұмыс жүргізеді.
Түгендеу 2020 жылдың 5 қаңтарына дейін жүргізіледі.