2018 жылдың 28 ақпанында Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде 2017 жылдың жұмысын қорытындылаған кеңес өткізілді.
Кеңес отырысына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Г.А.Оспанқұлов, облыс прокурорының орынбасары А.В.Цуранков және облыстық мемлекеттік органдар мен уәкілетті органдардың басшылары қатысты.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде 2017 жыл атқарылған шаралар туралы департамент басшысы Алмас Әбдумүтәліпұлы Абжаппаров баяндады.
Мемлекеттік кірістер органдарының алдына қойылған басты тапсырма бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы болып табылады.
2017 жылдың қорытындысында аралас бюджет бойынша 430 млрд жоспарланып, 525 млрд тенге түсім түсті. 2016 жылмен салыстырғанда өсім көлемі 139% құрап, 148 млрд тенге артық түсті.
Ұлттық қордың түсімдері бойынша жоспар 151% орындалып, 269 млрд тенге түсім түсті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 146 млрд тенге артық.
Мемлекеттік бюджет бойынша 252 млрд тенге жоспарланып, нақты түсім көлемі 256,2 млрд тенгені құрады, өткен жылмен салыстырғанда өсім 2 млрд тенге немесе 100,7%.
Республикалық бюджетке 176,2 млрд тенге түсті немесе жоспар 100,4% орындалды.
Жергілікті бюджет бойынша 76,2 млрд тенге жоспарланса, бюджетке түскен түсім 79,9 млрд тенгені құрады, болжам 105% орындалып, өткен 2016 жылмен салыстырғанда 6,5 млрд тенгеге артық түсті.
2017 жылы мемлекеттік бюджетке қосымша 15,0 млрд тенге өндіріліп алынды, оның ішінде 3,0 млрд тенге жергілікті бюджетке түсті.
Салық берешектерінің сомасы 2017 жыл басымен салыстырғанда 17,3% азайып, 3,6 млрд тенгені құрады.
Салық берешегі бар тұлғалардың саны 25 мыңға немесе 28,2% төмендеді.
Облыстың сыртқы сауда айналымы 4792,2 млн доллар болды, оның ішінде 4483,5 млн доллар (93,6%) экспорттық, 308,7 млн доллар (6,4%) импорттық айналымдар.
Кедендік төлемдер бойынша қосымша 832,5 млн тенге есепке алынып, 528,8 млн тенге өндіріліп алынды.
674 қылмыстық құқық бұзушылық туралы өтініштер тіркелді, 230 қылмыстық іс тергеліп, аяқталды.
Аяқталған қылмыстық істер бойынша 517 тенгеге жуық шығындар өтелді, оның ішінде 316 млн тенгенің заттары тәркіленді, тәркілеуді қосқандағы шығындарды өтеу 55% құрады.
Баяндамада Батыс Қазақстан облысының Әкімі А.С.Көлгінов бекіткен «Салықтарды жинауды арттырудың жол картасы» бағдарламасының негізгі бағыттары да таныстырылды.
Бұл бағдарламаның мақсаты бюджетке түсетін салықтардың толықтығын қамтамасыз ету және көлеңкелі экономикамен күрес жүргізу.
Жол картасының негізгі іс шаралары салық органдарында тіркелмей жүрген салық төлеушілер мен кәсіпкерлік нысандарын анықтау мен табысын жасырып, жалдамалы жұмысшыларын көрсетпей жүргендерді анықтауға бағытталған.
Барлық шараларды облыстағы мемлекеттік кірістер органдары 28 мемлекеттік және уәкілетті органдармен бірлесе отырып жүргізіледі.
Мемлекеттік және уәкілетті органдардан алынған мәліметтер негізінде салық салу нысандарына талдаулар жүргізіледі, салық заңдылықтарын бұзу фактілері анықталса, мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушіге хабарламалар жолданып, әкімшілік шаралар қолданылады.
Кеңес барысында қатысушылар мемлекеттік және уәкілетті органдардың салық түсімдерін ұлғайту мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша өзара әрекеттесу мәселелерін талқылады.
Отырыс қорытындысында мемлекеттік кірістер департаментінің 2018 жылға қойылған мақсаттары аталып өтті.
БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті