Жарияланған күні: 08.10.2021 11:37
Өзгертілген күні: 08.10.2021 11:38

Кейінге қалдыруды алу салық төлеушілерге салықтарды бір мезгілде төлей отырып төлеу мерзімін алты айға дейінгі мерзімге және бөліп төлеу мерзімін салық сомасын кезең-кезеңімен үш жылға дейін кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте бөліп төлеу салықтардың және (немесе) төлемдердің сомасын ай сайын немесе тоқсан сайын тең үлестермен төлеуді көздейді.

ҚР СК 51-бабының 2-тармағына сәйкес салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу қаржылық жағдайы салықты және (немесе) төлемді белгіленген мерзімде төлеуге мүмкіндік бермейтін салық төлеушіге берілуі мүмкін, алайда оларды төлеу мүмкіндігі мынадай негіздердің бірі болған кезде кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілетін мерзім ішінде туындайды деп пайымдауға жеткілікті негіздер бар:

1) салық төлеушіге еңсерілмейтін (әлеуметтік, табиғи, техногендік, экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар, әскери іс-қимылдар және еңсерілмейтін күштің өзге де мән-жайлары) салдарынан нұқсан келтіру;​

2) салық төлеушінің тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді өндіруінің және (немесе) өткізуінің маусымдық сипатта болуы;​

3) дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын жеке тұлғаның мүліктік жағдайы (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті есепке алмағанда) біржолғы салық төлеуге мүмкіндік бермеуі;​

4) соттың берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы шешім қабылдауы;​

5) салық төлеушінің негізгі қызмет түрінің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес стратегиялық маңызы бар экономика саласына жатқызылуы;​

6) салық төлеушінің қосымша салықтық есептілікті ұсынуы;​

7) салық төлеушінің есепке жазылған салықтардың және (немесе) төлемақылардың тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген сомаларымен келісуі негіздерінің бірі болған кезде оларды төлеу мүмкіндігі кейiнге қалдыру немесе мерзiмiн ұзарту берілетін мерзім ішінде туындайды деп пайымдауға жеткілікті негіз болатын салық төлеушіге берілуі мүмкін. Осы тармақшаның ережелері салық төлеуші ретінде тіркелген күнінен бастап кейiнге қалдыруды немесе мерзiмiн ұзартуды беру туралы өтініш берген күнге дейінгі кезең бес жылдан кем болатын салық төлеушілерге қолданылмайды.​

Кейінге қалдыруды немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімді салық төлеушінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кіріс органы не салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу орны бойынша Мемлекеттік кіріс органы қабылдайды.

Сондай-ақ, Салық кодексінде салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қою арқылы және (немесе) банк кепілдігімен салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуді көздейтін нормалар көзделген (Салық кодексінің 49-бабының 5-тармағы).