
Осы Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру және олардың құжат айналымының қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексінің (Салық кодексі) 68-бабы 1-1-тармағына сәйкес әзірленді және тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру және олардың құжат айналымының тәртібі мен мерзімдерін (бұдан әрі – Пилоттық жоба) айқындайды.
Пилоттық жоба Қазақстан Республикасының аумағында:
акцизделетін өнiмдер, Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан тауарларды әкету бойынша 2020 жылғы 31 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 1 наурызға дейiн;
виртуалды қойма арқылы жазып беруге жататын тауарлар бойынша электрондық шот-фактуралар 2020 жылғы 31 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 1 мамырға дейiн;
ДСҰ алып қою тізбесінің тауарлары бойынша 2020 жылғы 1 ақпаннан бастап 2021 жылғы 1 шілдеге дейiн іске асырылады.
Пилоттық жобаның:
1) мыналар:
акциздік тауарларды өндіру және (немесе) өткiзу бойынша қызметті жүзеге асыратын;
ЕАЭО мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды әкелуді жүзеге асыратын;
Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО мүше мемлекеттердің аумағына тауарларды әкетуді жүзеге асыратын;
ЕАЭО мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына акцизделетін тауарларды әкелуді жүзеге асыратын;
ДСҰ-ның алып қою тізбесінің тауарларын және (немесе) акцизделетін тауарларды және (немесе) олар бойынша виртуалды қойма арқылы электрондық шот-фактуралар жазып берілетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағына әкетуді жүзеге асыратын;
ДСҰ-ның алып қою тізбесінің тауарларын өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын;
виртуалды қойма арқылы электрондық шот-фактуралар жазып берілетін тауарларды өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілер;
2) ЭШФ АЖ әзірлеуші – «Open Systems Development» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
3) тауарларды таңбалау операторы – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы;
4) «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы»;
5) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі – ҚР ҚМ МКК) қатысушылары болып табылады.
Виртуалды қоймалардың түрлері:
1) «Қойма» – салық төлеушінің негізгі қоймасы, бірнеше қойманы тіркеуге болады;
2) «Бөлінбеген қойма» – ЭШФ АЖ пайдаланушылары үшін және бөлшек саудада, оның ішінде ЭШФ АЖ тіркелмеген тауарды өткізуді жүзеге асыратын алушылар үшін автоматты түрде құрылатын қойма;
3) «Сату нүктесі» – тауарды сату орны, сату нүктесі дүкеннің сауда алаңында болуы мүмкін;
4) «Мобильді қойма» – тауарларды өткізу мақсатында тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы бойынша өткізуге арналған қойма.
Виртуалды қоймалардың белгілері:
1) «Басымды қойма» – ЭШФ АЖ қатысушысы автоматты түрде кіріске алу және тауарларды виртуалды қоймадан есептен шығару үшін айқындаған қойма;
2) «Тауарларға арналған декларациялар бойынша тауарларды кіріске алу қоймасы» – тауарларға арналған декларациялар бойынша тауарларды автоматты түрде кіріске алуға арналған қойма;
3) «Жария қойма» – тауарларды өткізу және сату кезінде қойманы таңдау үшін жеткізушіге сатып алушы ұсынатын қойма;
4) «Бірлескен қызмет қатысушыларының қоймасы» – бірлескен қызмет қатысушылары пайдаланатын қойма (бұдан әрі – БҚҚ қоймасы);
5) «Лизингке арналған қойма» – белгілі бір уақыт ішінде әртүрлі контрагенттермен (жеткізуші немесе алушы) бірлесіп пайдалануға арналған қойма;
6) «Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу бойынша қойма» – шикізаттың алушы-берушілері және қайта өңдеушілері пайдаланатын қойма;
7) «Қайта ұйымдастырылатын тұлғаның қоймасы» – кәсіпорынды қайта ұйымдастыру кезінде пайдаланылатын қойма.
ЭШФ АЖ әзірлеуші, тауарларды таңбалау жөніндегі оператор олардан сұрау салуды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Пилоттық жобаның қатысушыларына техникалық қолдау көрсетуді жүзеге асырады.
ҚР ҚМ МКК субъектілерден сұрау салу алынған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ТІЖ ресімдеу және виртуалды қоймада жұмыс бөлігінде әдістемелік консультациялар береді.
Пилоттық жобаның қатысушылары «ТІЖ ресімдеу тәртібін пысықтау бойынша ұсыныстар» белгісімен esfsd@mgd.kz техникалық қолдаудың электрондық мекенжайына жолдау арқылы ТІЖ ресімдеу тәртібін пысықтау бойынша ұсыныстар енгізеді.