Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 482 бабына сәйкес әлеуметтiк салық төлеушiлер болып табылады:
- дара кәсiпкерлер;
- жеке практикамен айналысатын адамдар;
- егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары;
- Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалар;
- тұрақты мекеме құруға әкеп соқпайтын құрылымдық бөлімше арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалар табылады.
Мынадай салық төлеушілер әлеуметтік салық төлеушілер болып табылмайды:
1) патент негізінде арнаулы салық режимін және шаруа, фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатындар;
2) Салық Кодексінің 290-бабы 3-тармағының шарттарына сәйкес келетін тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту, сөйлеу, көру қабiлетiнен айрылған мүгедектер жұмыс iстейтiн мамандандырылған ұйымдар.
Әлеуметтік салық салу объектісі болып төлеушілердің өздерін қоса алғанда, жұмыскерлердің саны оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, дара кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар үшін салық салу объектісі табылады.
Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалар, тұрақты мекеме құруға әкеп соқпайтын құрылымдық бөлімше арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалардың жұмысшыларына жалақы бойынша шығыстары әлеуметтік салық салу объектісі болып табылады.
Салық салу объектісінен мыналар алып тасталады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары;
2) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар;
Салық кодексінің 485 бабына сәйкес әлеуметтік салықтың салық мөлшерлемелері 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 9,5 пайызды, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 11 пайызды құрайды.
Дара кәсiпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар әлеуметтiк салықты республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төленетін күнге қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштің 2 еселенген мөлшерінде өзi үшiн және айлық есептiк көрсеткiштің 1 еселенген мөлшерiнде әрбiр жұмыскер үшiн есептейді (бұл ереже салықтық есептілікті ұсынуды уақытша тоқтата тұруы кезеңінде салық төлеушілер мен оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлерге, есепті салықтық кезеңде кіріс алмаған адамдарға қолданылмайды).
Бюджетке төлеуге жататын әлеуметтік салық сомасы есептелген әлеуметтік салық пен "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген әлеуметтік аударымдардың сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына есептелген әлеуметтік аударымдар сомасы есептелген әлеуметтік салықтың сомасынан асып кеткен немесе олардың сомалары тең болған кезде бюджетке төлеуге жататын әлеуметтік салық сомасы нөлге тең деп есептеледі.
Күнтізбелік ай әлеуметтік салықты есептеу үшін салықтық кезең болып табылады, әлеуметтік салық бойынша декларация орналасқан жері бойынша салық органдарына есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 15 күнінен кешіктірмей тоқсан сайын ұсынылады.
БҚО бойынша МКД