
Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде салық және кеден заңдылықтарын талқылау бойынша Консультативтік кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Кеңеске бизнес қауымдастықтың, кәсіпкерлер Палатасының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Консультативтік кеңестің незізгі мақсаты салық сөлеушілерге, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, сыртқы экономикалық қызметтің қатысушыларына көмектесу, Қазақстан Республикасының салық және кеден заңдылықтарын жетілдіруге атсалысу.
Отырысты кіріспе сөзбен ашқан Департамент басшысы А.Ә.Абжаппаров отырыстың ерекшелігіне, қаралатын мәселелердің маңыздылығына тоқталып өтті. Барлық қатысушыларға салық және кеден заңдылықтарын талқылауда өз пікірін ашық айтуда, өз ойларымен бөлісуге тең мүмкіндік берілген.
Отырыстың күн тәртібіне Консультативтік кеңестің құрамын бекіту, тері өнімдерін таңбалаудың пилоттық жобасымен таныстыру, жанармай бекеттерінде бақылау есептеу құрылғыларын орнату және мемлекеттік кірістер органдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері шығарылды.
2015-2016 жылдарға арналған тері өнімдерін таңбалауды жүзеге асыру туралы Келісімге сәйкес 2017 жылдың 27 қарашасынан бастап Қазақстан Республикасының аумағында пилоттық жоба енгізіліп, кейбір теріден жасалған бұйымдар таңбалануы тиіс. Таңбалауды жүргізу бәсекелестікті дамытуға, нарықты заңсыз тауарлардан қорғауға, көлеңкелі экономиканы азайтып, салық түсімдерін ұлғайтуға бағытталған. Жобаны жүзеге асыру кезінде ешқандай әкімшілік айыппұл шаралары қолданылмайды.
2011 жылдың 20 шілдесіндегі «Мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 8 бабының 12-1 тармағына сәйкес және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылдың 16 наурызындағы Бұйрығымен мұнай өндірушілер мен мұнай өнімдерін өткізушілердің (жылжымалы жанармай станцияларынан басқа) жанар май құю станцияларындағы резервуарлары бақылау есептеу құрылғыларымен жабдықталуы тиіс.
Бұл талап 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнай өнімдерін өндірушілер, тасымалдаушылар және көтерме сатушылар үшін қолданылады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнай өнімдерін бөлшек саудада сататын жанар май құю станциялары да бақылау есептеу құрылғыларымен жабдықталуы тиіс.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік кірістер органдарының алдына қойылған негізгі міндеттердің бірі. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылымдарында сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу ішкі қауіпсіздік басқармаларына жүктелген.
Жемқорлықты болдырмау мен оның алдын алу бойынша Департаменттің жеке құрамдарымен профилақтикалық шаралар тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
2017 жылдың өткен кезеңінде Департаментте қоғамдық ұйымдармен консультативтік кеңес отырыстары, семинарлар, техникалық сабақтар, радиолар арқылы түсіндіру шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Профилактикалық жұмыстардың күшеюі Департамент қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істердің азаюына әкелуде.
Мемлекеттік кірістер органдарына жұмысқа қабылданатын кандидаттар туралы толық мәліметтер жиналып, олар туралы талдау жасалғаннан кейін ғана жұмысқа қабылданады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша Департамент қызметкерлерімен өткізілетін профилактикалық шаралар жалғасын табуда.
Отырысты қорытындылай келе А.Ә.Абжаппаров кеңеске қатысушыларды кеңес отырысындағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылағаны үшін алғысын айтып, алдағы уақытта да проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылайтын мұндай отырыстарға бизнес қауымдастықтың белсенді қатысатынына сенім білдірді.
БҚО бойынша МКД