
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кірістер органдары салықтық рақымшылық жүргізеді. Шағын және орта бизнес субъектілеріне негізгі борышты 2018 жылғы 1 қазаннан бастап 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін өтеу шартымен өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасы есептен шығарылады.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі А. А. Смаилов 2019 жылғы 21 қаңтарда "Бересі сомасы төленген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасын есептен шығару ережесін бекіту туралы" № 39 бұйрыққа қол қойды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, БҚО-да 1 901 орта және шағын бизнес субъектісі рақымшылық жасауда. Есептен шығаруға жататын өсімпұлдардың жалпы сомасы 1 554,3 млн.теңгені, айыппұлдар – 175,0 млн. теңгені құрайды, олар негізгі борышты 3 244,5 млн. теңге мөлшерінде төлеген жағдайда есептен шығарылады.
Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазаннан бастап негізгі борышты төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы, сондай-ақ 2018 жылғы 1 қазаннан бастап төленген өсімпұл сомасы есептен шығарылады.
01.05.2019 ж. жағдай бойынша БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті негізгі қарызды жалпы сомасы 134,5 млн. теңгеге өтеген 820 салық төлеушіге қатысты жалпы сомасы 18,3 млн. теңгеге өсімді есептен шығарды.
Түсіндіру мақсатында айыппұлдар 2018 жылғы 1 қазанға дейін төленген бересі болған салықтардың түрлері бойынша ғана есептен шығаруға жататынын атап өткен жөн. Яғни, 204162 КБК бойынша айыппұл негізгі борыштың болмауына байланысты есептен шығаруға жатпайды. Сондай-ақ, егер бересі өткен салық кезеңдері үшін салық төлеуші бойынша не тексеру актісі бойынша 2018 жылғы 1 қазаннан кейін пайда болса, онда мұндай бересіні төлеу кезінде өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жүргізілмейді.
Мониторингке жататын ірі салық төлеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар (жер асты суларын, емдік балшықты өндіру құқығына ие болғандықтан ғана осындай болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда), акцизделетін өнім өндірушілер мен жеке тұлғалар рақымшылық жасалмайды.
Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік кіріс органдарына жүгінудің қажеті жоқ: өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару салық төлеу бойынша кейінге қалдыру/бөліп төлеу алған немесе оңалту рәсімінде тұрған салық төлеушілерді қоспағанда, салық төлеушінің өтінішінсіз жүргізілетін болады.
БҚО бойынша МКД