Дата публикации: 24.05.2019 19:25
Дата изменения: 24.05.2019 19:27

 Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мемлекеттік кірістер органдарының өкілдеріоблыстағы шекара өткізу бекеттеріндегі экспорттық бақылау жұмыстары туралы мәлім етті.

Мемлекеттік кірістер органдары 2019 жылдың 16 қаңтарынан бастап ЕАЭО аясында өткізілетін тауарлардың мониторингін жүзеге асырады. БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті кеден одағы шеңберінде әкімшелендіру бөлімінің басшысы Исатай Нысанбаевтың мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың 1 тоқсанында өткізу пункттерінде 6 184 автокөлікке экспорттық бақылау жүргізілген. Мемлекеттік кірістер департаментінің жүргізген жұмысын талдауы тауарларды импорттау кезінде анықталғандай, 4 146 автокөлік құралының салық міндеттемесін орындаған болса, 2 038 автокөлік құралдарына өткізілген тауарлар бойынша салық міндеттемелерін орындау қамтамасыз етілмеген.

–  Мұның себептері тауарға ілеспе құжаттардың, ілеспе құжаттарда тауарларды алушылардың тіркеу деректерінің болмауы. Сол сияқты тауарды алушы таратылған салық төлеуші немесе тауарға ілеспе құжаттарда ҚР резиденті емес жөнелтуші мен алушы болу жағдайлары кездеседі. Салық кодексі нормаларына сәйкес импортталатын тауарларға тауарлық-көліктік жүкқұжаттардың болуын және автокөлік құралдарын тексеру кезінде тауар-көлік жөнелтпе құжаттарында көрсетілген мәліметтерге тауарлардың атаулары сәйкестігін тексеруді мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асыруға құқылы. Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында тексеру барысында ресейлік сатушыны тіркеу есебінің немесе тауар алушыны тіркеу есебінің дерекқорында болмауын анықтаған кезде – тауарларды әкелуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылданатын болады, – деді Исатай Ерболатұлы.

Мамандардың сөзінше, мониторингті жүзеге асырған сәттен бастап ағымдағы жылдың 16 қаңтарынан бастап экспорттық бақылау басқармасының қызметкерлері экспорт бойынша шектеулер енгізілген тауарларды әкетуге әрекет етудің 58 фактісінің жолын кесті. Оның ішінде түсті және қара металл сынықтарын шығару бойынша 55 факт, дизель отынын, макулатура мен терілерді шығару бойынша бір факт анықталған.

Қазір «Сырым» өткізу пунктіндегі кептелістердің орын алуы туралы наразылықтар аз емес. мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері «Сырым» өткізу пунктінің қолда бар инфрақұрылымы бақылау жүргізу үшін өткізу пунктінің аумағына бір мезгілде бесеуден артық  жүк автомашиналарын кіріне  және бесеуден шығуға жіберуге мүмкіндік бермейтінін, яғни қазіргі уақытта өткізу пунктін кесіп өтетін адамдар мен көліктің санына есептелмегенін атады. Негізінен жүк көліктерінің өту көлемі бойынша «Сырым» өткізу пункті Республика бойынша инфрақұрылымы дамыған Қостанай облысындағы  «Қайрақ» және Жамбыл облысындағы «Қарасу» өткізу пункттерінен кейінгі үшінші ірі бекет саналады. Мұнда күрделі ғимарат 2002 жылы салынған, бүгінге дейін қайта жаңарту жүргізілмеген. Жүк және жолаушылар көлігінің бір жолақпен қозғалады. Сондықтан күніге өткізу пунктінен 700-800-дей көлік қана өте алады.

– Қазіргі таңда Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу пунктін жайластыру бойынша күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Көлік құралдарының қозғалыс бағытының жаңа жобасында төрт есеге ұлғайту жоспарланды. Яғни әрбір бағыттағы төрт жолақтан екі бағытқа бөлінетін болады. Қайта құрылымдау жұмыстары аяқталған кезде «Сырым» өткізу пунктінің тәулігіне 5 000 көлікті, 7 000 адамды өткізуге қабілетті болады, – деді И.Нысанбаев.