Жарияланған күні: 23.01.2019 16:59
Өзгертілген күні: 23.01.2019 18:01

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң күшіне енгені белгілі.

            2019 жылдың 20 қаңтарындағы жағдай бойынша 25 769 салық төлеуші бюджетке 2018 жылдың 1 қазанында болған жалпы сомасы 5,5 млрд.теңге құрайтын негізгі қарызын төлеген.

            Есептен шығару тәртібі бекітілгеннен кейін, осы салық төлеушілерге жалпы сомасы 1,0 млрд.теңге өсімпұл және 37,0 млн.теңге айыппұл есептен шығарылатын болады.

            Алдын-ала деректер бойынша 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес 340,6 млрд. теңге салық берешегі бар 90 077 шағын және орта бизнес субъектілері (31 210 заңды тұлғалар және 58 867 дара кәсіпкерлер) рақымшылыққа жатады.

            Бұл ретте, егерде негізгі қарызды 210,4 млрд.теңге көлемінде төлеген жағдайда есептен шығаруға жататын өсімпұлдың жалпы сомасы - 122,9 млрд.теңге, айыппұлдың сомасы – 7,3 млрд.теңгені құрайды.

            Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазаннан бастап негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады.

            Бұл ретте мониторингке жататын, ірі салық төлеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар (жер асты суын өндіру, емдеу балшығына құқығы бар жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда), акцизделетін өнімді өндіретін өндірушілер салықтық рақымшылыққа жатпайды.

            Рахымшылыққа ілігу үшін салық төлеушілерге ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кірістер органдары салықтық бет есептеріне мониторинг жасап, негізгі салық қарызын төлеген жағдайда, үш жұмыс күннен кешіктірмей есептен шығару туралы тиісті шешімдерін шығарып отырады.

            Салық төлеушілер негізгі қарызы, өсімпұл мөлшерінің сомасын анықтау үшін «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасында бет есебінен үзінді алуына болады.

            Сондай-ақ, Комитеттің www.kgd.gov.kz интернет-ресурсы және «Электрондық үкімет» порталы «Салықтық берешектің жоқтығы (бар болуы) туралы ақпарат» электронды сервисі арқылы онлайн режимінде ЖСН/БСН бойынша салықтық берешектің болуы / болмауы туралы ағымдағы ақпаратты алуға болады.

            Оңалту рәсіміндегі және салықтар бойынша төлеу мерзімін ұзартқан салық төлеушілерге қатысты рахымшылық қолданудың тәртібі басқаша.

            Салықтық рахымшылыққа ілігу үшін осындай салық төлеушілер мемлекеттік кірістер органдарына тиісті өтінішті жолдап, салықтар бойынша негізгі қарызын ертерек төлеуі қажет.

            Одан басқа, оңалту рәсіміндегі салық төлеушілер оңалту жоспарына өзгеріс енгізіп, оны кредиторлар жиналысында келісіп, сотпен бекітуі қажет.

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)