Жарияланған күні: 16.06.2015 11:34
Өзгертілген күні: 29.06.2015 17:12

Салық кодексінің  394 бабына сәйкес, мыналар:

       1) Қазақстан Республикасының аумағында меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығында салық салу объектiсi бар заңды тұлғалар;
       2) Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығында салық салу объектiсi бар дара кәсiпкерлер;

       3) концессия шартына сәйкес концессия объектісі болып табылатын салық салу объектісін иеленуге, пайдалануға құқығы бар концессионер мүлiк салығын төлеушiлер болып табылады.

Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесінің орналасқан жерінде салық салынатын объектілер бойынша осындай құрылымдық бөлімшесін мүлік салығын дербес төлеуші деп тануға құқылы.

 Салық кодексінің 397- бабына сәйкес, бухгалтерлiк есептiң деректерi бойынша айқындалатын салық салу объектілерінiң орташа жылдық баланстық құны дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың салық салу объектiлерi бойынша салық базасы болып табылады.

Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, заңды тұлғалар мүлiк салығын салық базасына 1,5 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейдi.

Мүлік салығын салық базасының 0,5 процент ставкасы бойынша мына салық төлеушілер:
     1) дара кәсіпкерлер;

   2) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар есептейді.

            Салық кодексінің 399 бабының 3 тармағына сәйкес, шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режімін қолданатын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, салық төлеушілер салық кезеңі ішінде мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеуге міндетті, олар салық салу объектілерінің салық кезеңінің басындағы бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша айқындалған баланстық құнына тиісті салық мөлшерлемесін қолдану арқылы айқындалады.

Бюджетке салық төлеу салық салу объектiлерiнiң орналасқан жерi бойынша жүргiзiледi.

Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режімін қолданатын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, салық төлеушілер салық кезеңінің 25 ақпанынан, 25 мамырынан, 25 тамызынан және 25 қарашасынан кешіктірмей, салықтың ағымдағы төлемдерінің сомасын тең үлестермен енгізеді.

         Ағымдағы төлемдердi төлеудiң соңғы мерзiмiнен кейiн құрылған салық төлеушiлер мен осы Кодекстiң 394-бабы 4-тармағының 3) және 4) тармақшаларында аталған заңды тұлғалар ағымдағы төлемдердi төлеудiң соңғы мерзiмiнен кейiн салық салу объектiлерiн пайдалануға, сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға берген кезде салық сомасын ағымдағы салық кезеңi үшiн осы баптың 7-тармағында көзделген мерзiмдерде төлейдi.
       Салық кезеңі ішінде салық салу объектілері келіп түскен жағдайда, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер салық салу объектілері келіп түскен айдан бастап салық кезеңінің соңына дейінгі ағымдағы салық кезеңі айларының санына көбейтілген, келіп түскен күніне бухгалтерлік есеп деректері бойынша айқындалған, келіп түскен салық салу объектілерінің бастапқы құнының 1/13-іне салық ставкасын қолдану жолымен айқындалады.      Ағымдағы төлемдер көбейтілуі тиіс сома осы баптың 5-тармағында белгіленген мерзімдер бойынша тең үлестермен бөлінеді, бұл ретте салық салу объектілері келіп түскен күннен кейінгі кезекті мерзім ағымдағы төлемдерді төлеудің бірінші мерзімі болып табылады.

Салық кезеңі ішінде салық салу объектілері шығып қалған жағдайда, ағымдағы төлемдер салық салу объектілері шығып қалған айдан бастап салық кезеңінің соңына дейінгі ағымдағы салық кезеңі айларының санына көбейтілген, шығып қалған салық салу объектілерінің құнының 1/13-іне салық ставкасын қолдану жолымен айқындалатын сомаға азайтылады.

       Бұл ретте мыналар:

       келіп түскен күнге бухгалтерлік есеп деректері бойынша бастапқы құны - ағымдағы салық кезеңінде келіп түскен салық салу объектілері бойынша; салық кезеңі басындағы бухгалтерлік есеп деректері бойынша баланстық құны - басқа салық салу объектілері бойынша шығып қалған салық салу объектілерінің құны болып табылады.
       Ағымдағы төлемдер азайтылуға жататын сома ағымдағы төлемдерді төлеудің қалған мерзімдеріне тең үлестермен бөлінеді.

Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режімін қолданатын дара кәсіпкерлерді қоспағанда, салық төлеушілер салық кезеңі үшін декларацияны тапсыру мерзімі басталғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей, мүлік салығын есептеу бойынша түпкілікті есеп айырысуды жүргізеді және оны төлейді.

       Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режімін қолданатын дара кәсіпкерлер салық кезеңі үшін декларацияны тапсыру мерзімі басталғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей мүлік салығын төлейді.

Мүлiк салығы бойынша ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабы есептi салық кезеңiнiң 15 ақпанынан кешiктiрiлмей табыс етiледi.

       Жаңадан құрылған салық төлеушiлер ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабын салық органдарына тiркеу есебiне қойылған айдан кейiнгi айдың 15-інен кешiктiрмей табыс етедi.

Кодекстiң 394-бабы 4-тармағының 3) және 4) тармақшаларында аталған заңды тұлғалар пайдалануға, сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға берiлген салық салу объектiлерi бойынша ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабын объектiлердi пайдалануға, сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға берген айдан кейiнгi айдың 15-інен кешiктiрмей табыс етедi.

Салық кезеңi iшiнде мүлiк салығы бойынша салық мiндеттемелерi өзгерген кезде, ағымдағы төлемдердiң есеп-қисабы салық салу объектiлерi бойынша 1 ақпандағы, 1 мамырдағы, 1 тамыздағы және 1 қарашадағы жағдай бойынша тиiсiнше ағымдағы салық кезеңiнiң 15 ақпанынан, 15 мамырынан, 15 тамызынан және 15 қарашасынан кешiктiрмей табыс етiледi.

       Декларация есептi жылдан кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрілмей табыс етiледi.